Басты бет

Материалдар

Тақырыбы:

Тақырыбы:

Әдістемелік қор

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ ҮДЕРІСІНДЕГІ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ МҰҒАЛІМНІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ДАЙЫНДЫҒЫ
Рахымбек Досымхан - профессор, п.ғ.д.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
            Кейінгі кезде педагогикаға құзыретті деген сөз етене еніп барады. Бұл латынның competens – сәйкестік, қабілеттілік деген сөзінің баламасы. Құзіретті (компитентті) ұғымының барлық зерттеушілер ұстанатын бірегей анықтамасы біздің елімізде де, шет елде де жоқ.  Құзіретті дегенді психологияда адам өзінің қоршаған ортамен саналы түрде тиімді  қарым-қатынас жасау қабілеттілігінің табыстылығын және пайдалылығын сезінуінен туындайтын, оның күш-куаты мен сенімділігінің психологиялық сапасы  деп түсініледі1 . «Білім және ғылым. Энциклопедиялық сөздікте»2 мектеп бітіруші түлектің құзыреттіліктерінің саны мен түрі қоғамның әлеуметтік тапсырысы, жұмыс берушінің тілегі, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік талаптарға, қоғамдағы әлеуметтік мәдени жағдаяттарға және т.б. байланысты деп көрсетеді. Оқу үдерісінде құзыретті депоқушының меңгерген білімдерін, оқу біліктіліктері мен дағдыларын, іс-әрекет тәсілдерін өмірдегі практикалық және теориялық мәселелерді шешуде қолдана білуге дайындығын (қабілеттілігін) айтады3.
            Құзыреттің көптеген құрамды бөліктерінің ішіндегі оқу жүйесі үшін ең маңыздысы пәндік құзыреттілік. Оқушылардың пәндік білімдерді саналы игеруі мәселесін шешу мектеп мұғаліміне жүктеледі.
            Оқушылардың пәндік құзыреттілігін қалыптастырудағы мұғалімдердің кездесетін қиыншылықтары мен оны жою жолдарына тоқталып кетейік.
1.      12 жылдық мектепке көшу жағдайындағы жаратылыстану-
математикалық пәндерді (физика, химия, биология, география, математика)  бейіндік оқытуға байланысты мәселелер.
Мұнда оқушыларды бейіналды дайындау және бейіндік таңдау курстары бар. Орыс тілінде оқытатындар мектептер бұл мәселеден қиналмайды, оларда материалдар көп. 2003 жылдан бастап Ресейде көптеп элективтік курстар жарық көре бастады. Бізде ондай бір де бір материал жарық көрген жоқ.
Қазір мектептерде элективтік курстардың бағдарламаларын дайындаңдар деп мұғалімдерді міндеттеп жатыр. Ал енді оны дайындау үшін қазақша кітаптар болуы керек емес пе, ал кітаптар жоқ болса, мұғалім оны қайдан алады? Сондықтан элективтік курстар болатын тақырыптарды орысшадан қазақшаға аударып, мектептерге тарату қажет. Ол үшін қабілетті мұғалімдерді осы жұмысқа тартып, жұмылдырған дұрыс. Бірақ ЖОО оқытылатын материалдарды мектепте оқытып қою бейіндік мектептің міндеті емес екенін естен шығармауымыз керек.
2.      «12 жылдық білім беру» деген кезде бір айрықша әдістемелік мәселе болмайды. Кәдімгі оқыту әдістері, бірақ оны жетілдіре түсу қажет, ал ол әр мұғалімнің міндеті.
3.      Қазіргі кезде мұғалімдердің әдістемелік дайындығы төмендеп кетті.
Мұғалімдер әдіскер болудан қалды. Себебі, әрбір жыл сайын оқулық өзгереді, жылда немесе жыларалап жаңа оқулық шығады. Мұғалімнің әдістемелік шеберлігі қай уақытта артады, егер ол белгілі бір оқу құралын бірнеше жыл пайдаланса. Сонда ол былтыр мынадай нәрсені ескермеген едім, келесі жылы ескеру керек деп ойланады. Мұғалім белгілі бір тақырыпты оқытудың қыр сырын ашудан гөрі, жалпы педагогикалық тақырыптар бойынша баяндама жасайтын болды: сыни көзқарас қалыптастыру, модельдеп оқыту, жаңа технологиямен оқыту, логикалық ойлауын дамыту, дамыта оқыту т.б. Нақтылы оқу материалын баяндау, түсіндіру, оқушылардың білімін тиянақтылау, тексеру әбден қалыптасқан деп есептеледі де, оған жеткілікті көңіл бөлінбейтін болды. Егер сабақта квадрат теңдеуді шешу тақырыбын өтті делік. Оқушылар да квадрат теңдеуді шешуді жақсы меңгергенін көрсетті. Сабаққа қатысқан тексеруші «Оқушыларды неге логикалық ойлауға үйретпедің?» дейді. Шындығында әрбір ұғым, пайым, ой қорыту логикалық ойлау формалары. Дәлелдеу логикалық ұғым. Біз есепті шығаруда талдаймыз, жинақтаймыз, жалпылаймыз, салыстырамыз. Ұғымға анықтама тұжырымдап, классификация жасаймыз. Барлық логикалық амалдарды сабақ үстінде жасап жатырмыз. Сонда да бұл жерде логикалық ойлауға үйрету болған жоқ дейтіндер табылады.
Орта мектепте оқушылардың жалпы дайындығынан бөліп қарауға болмайтын логикалық білім, біліктілік және дағдылар жиынтығын «логикалық құраушы» деп те атайды. Мектепте логикалық білім берудің ең басты кұраушыларына диалектикалық, формальды және математикалық логика элементтері жатады. Сондықтан бұл кұрамды бөліктерді, оқытудың міндеттері мен мүмкіндіктерін, оқушылардың жас ерекшеліктерін есепке ала отырып үйлестіру оқушылардың логикалық сауаттылығын тәрбиелеудегі жетістіктерге жетуге және олардың методологиялық білімдерді игеруіне негіз болады.
Оқушылардың логикалық ойлауын дамытудың негізгі міндеттері: ұғымның анықтамасын тұжырымдай білуге; ой қорытудың мағынасы мен мазмұнын анықтауға; теоремаларды дәлелдеудегі логикалық қорытынды шығару тәсілдерін игеруге; дәлелдеудің жалпылық  мәнін түсінуге саяды.
Ешқашан жоқтан бар пайда болмайды, бар нәрсе жоғалмайды деген философиялық қағида бар. Қазіргі кезде «сыни көзқарасты қалыптастыру» деген мәселе айтылып жүр. Математиканы оқыту үдерісінде біз әрбір қадам сайын сыни көзқараста боламыз. Жақшаны дұрыс аштық па деп сұрақ қоямыз, ойланамыз, әрбір амалды орындағанда кері амалдарды міндетті түрде орындап тексереміз. Математиканың табиғатының өзі әрбір оқу материалына сыни көзқараспен қарауды талап етеді, соған мәжбүрлейді.
«Неге ой шабуылын жасамайсыңдар?»,- деген сұрақ қойылып жүр. Ой шабуылы деген әдіс бар екені рас. Алдында сызықтық теңдеуді өткенбіз, енді квадраттық теңдеуді шешу тақырыбын өту керек. Квадраттық теңдеуді шешейік  деп ой тастаудың өзі оқушылар үшін ой шабуылы.
Кейбір «әдіскерлер» жаңа оқу материалын оқушылардың өз бетінше «ашуды» бұрын соңды болмаған әдіс ретінде көрсеткісі келеді.
Математика оқулығының өзінде кейбір тақырыптар белгілі бір жаттығуларды орындай отырып, деректерді оқушының өзі ашуға алып келетіндей етіп жазылған. Мұғалімнің міндеті оқушы белсенділігін арттыру арқылы, оны әсерлі ете түсу. Бұдан, оқушыны өз бетінше жаңалық аша алатындай етіп оқытудың жаңа көздерін табуды мұғалім іздестірмеу керек деген ой тумайды. Ізденіс жалғаса берді. Бірақ осы уақытқа дейінгі жинақталған тәжірибе ескерусіз қалмағаны абзал.
           Әрине, «оқушының өз бетінше жаңалық аша алатындай етіп тәрбиелеу керек» дегенді «барлық оқу материалын оқушының өзі ашатындай етіп құру керек» деп түсіну қателікке алып келеді. Адамзат баласы мыңдаған жылдар бойы жинақтаған білімдер жүйесі мен тәжірибесін дайын күйінде, тиімді жолмен, қысқа уақыт ішінде келесі ұрпаққа жеткізіп берудің де маңызды екенін естен шығармау керек.
            4. Енді «ақыл-ой тәрбиесі», «шығармашылыққа тәрбиелеу» деген мәселелерге келейік.
 Біздің мақсатымыз «пәндік білімді білетін оқушы емес, шығармашыл тұлға дайындау керек» дейді кейбір мұғалімдер. Тәрбиенің ақыл-ой, дене, еңбек тәрбиесі деген түрлері бар. Оқыту тәрбиесі. Оқытуда  ақыл-ой мен еңбек тәрбиесі қатар жүзеге асады. Оқу - еңбектің ең жоғары сатысы. Егер оқушыңыз үйге берген тапсырманы орындамай келсе, оның үйде жұмыс ісмегені, яғни еңбек етпегені. Шығармашыл тұлға болу ақыл-ой тәрбиесіне байланысты. Ал, оқушының ақыл ой тәрбиесі оқу танымдық іс-әрекет кезінде дүниені танып білудің, ойлаудың жалпы логикалық, әр пәннің өзіне тән әдістерін, пәндік білімдер жүйесін меңгеру кезінде жүзеге асады. Дүниені танып білудің эмпирикалық әдісіне бақылау, тәжірибе, индукция жатады. Математика ғылымы үшін бақылау, тәжірибе, индукция негізгі әдіс бола алмағанымен, ұғымдарды қалыптастырудың, теореманы дәлелдеудің алғашқы шарттары болып табылады. Сондықтан эмпирикалық әдіс оқытудағы негізгі әдістердің бірі де болып табылады.
Бақылау нәтижесіне сүйеніп мынау параллель түзу деп қорытынды шығару жеткіліксіз. Екі түзуді үшінші бір түзумен қиып өткенде айқыш бұрыштары тең болса ғана олар өзара параллель түзулер болады деп қорытынды шығаруға болады. Бұл дедуктивті әдіспен шығарылатын қорытынды. Сол себептен теориялық таным дедуктивті негізде жүзеге асырылады. Әрине теориялық танымда сонымен қатар индуктивті негіз де болады.
Таным немесе логикалық әдістер яғни бақылау, тәжірибе, салыстыру, талдау, абстрактілеу, жинақтау оқытудың да әдістеріне жатады. Қазір ешкім оқытуда бақылау әдісін қолдандым, тәжірибе жасап жатырмын, салыстыру тәсілін пайдаландым, талдап жатырмын деп айтпайтын болды. Бақылау, тәжірибе, талдау, салыстыру, жинақтау, абстрактілеу оқытудың да негізгі әдістері болып табылады. Сол себептен оқыту әдісін таным әдісінен еш уақытта бөліп қарауға болмайды. Адам дүниені қалай танып білу керек болса, оқыту да сондай болу керек. Сонда ғана оқушы бір нәрсені бақылап, талдап, салыстырып, таныс емес жағдайларда өздігінше ойлап, шығармашылықпен жұмыс істеудің әліппесін үйренеді. Себебі біріншіден оқу үрдісінде жаңа білімдер бұрын игерілген білімдер негізінде логикалық танымның арнайы тәсілдерімен қалыптасады, ал екіншіден пәндік білімдерді игеру кезінде оқушылар таным әдістерін де, ойлау әдістерін де игереді. Сол себептен пәндік білімдерді игеру таным әдістері мен логикалық әдістерден бөлек бола алмайды. Сондықтан оқушы санасында білім қорының негізі қаланбаса, ешқандай ақыл-ой іс-әрекетінің болуы мүмкін емес.
Педагогикалық психология, оқыту әдістемесі ғылымы, оқу үдерісі біріншіден ұғымды меңгеруден, сосын ережелер мен заңдылықтарды игеруден, үшіншіден оларды практикада пайдаланудан тұрады деп үйретеді.
Неге оқыту үдерісі осы үшеуінен тұрады? Шындығында, ұғым қисынды ойлаудың бір формасы. Математикада натурал сан, нөл, параллелепипед, параллелограмм, үшбұрыш деген ұғымдар бар. Пайым дегеніміз шын не жалған екенін білдіретін ойлаудың екінші формасы. Математикадан пайымның өмірде кездесетін жері ол сөйлем. Пайым тек хабарлы сөйлем түрінде болады. Сұраулы сөйлем пайым бола алмайды. Математикада пайымның түрлеріне теорема, аксиома, анықтама, лемма, салдар жатады. Ал ой қорыту дегеніміз не? Бірнеше пайымнан жаңа пайым шығарып алу - ой қорыту деп аталады. Мысалы, 79153 саны 3-ке бөлінеді ме? Алдымен біз берілген санның цифрларының қосындысы үшке бөлінсе, онда берілген сан да үшке бөлінеді деген ережені еске түсіреміз, бұл бірінші пайым. Екіншіден 7+9+1+5+3=25 қосып оны үшке бөлеміз, яғни 25 үшке бөлінбейді. Демек, қорытынды шығарамыз: 79153 саны үшке бөлінбейді. Міне, осындай бірнеше пайымдардан жаңа пайым шығару ой қорытулар деп аталады. Мұндай ой қорытуды кеңейтілген ой қорыту деп атайды. Ал біз оқушыларды орамды ой қорытуға үйретеміз. Жалпы ережені санамызда бірден бейнелеу арқылы қорытынды шығарсақ бұл орамды ой қорыту. Мысалы мына сан үшке бөлінбейді, себебі санның цифрларының қосындысы үшке бөлінбейді. Бұл орамды ой қорыту. Осындай жұмыстар оқушылардың ойлауын дамытудың, құзыреттілігін қалыптастырудың негізі болып табылады.
 
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Новейший психологический словарь. – М.:Феникс, 2005.
2. Білім және ғылым. Энциоклопедиялық сөздік.
3. Денищева Л.О., Глазков Ю.А., Краснянская К.А. Проверка компотент-ности выпускников средней школы при оценке образовательных достижений по математике. //Математика в школе, 2008, № 6. – C.19-30.

Сұрақтар мен жауаптар

Пікірлер